Бүгін Көрме ұйымдастырушысының кеңсесінде "Астана ЭКСПО-2017" АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов және Корейлік сауда және инвестицияға жәрдемдесу агенттігінің (KOTRA) президенті Ким Джехонмен кездесуі өтті, деп хабарлайды мекеменің баспасөз қызметі.
Ахметжан Есімов хабарлағандай, Корея Республикасы Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне өз павильонын ұйымдастыру мен контентті толтыруға белсенді қатысып жатыр. Корей павильоны 1125 шаршы метр аумақты алып, Израиль, Сингапур және Океания плазамен көршілес орналасқан.
"Корея елімен қарым-қатынасымыз жақсы дамыған, біз бұл халықтың әдемі дәстүрі және мәдениетімен таныспыз. Сіз жаңғыртылатын энергия көздері саласындағы озық технологияларыңызды көрсететініңізге сенеміз", – дейді ұлттық компанияның басқарма төрағасы.
"Сізбен кездесуден бұрын біз ЭКСПО нысандарын және корей павильонын қарап шықтық. Ұйымдастырушының қолдауының арқасында корей павильонының безендірілуі уақыт кестесіне сай өтіп жатыр. Қазір экспозицияның 50 пайызы дерлік дайын, бұл жұмысты мамырда аяқтауды жоспарлап отырмыз. Биыл дипломатиялық қарым- қатынасымыздың 25 жылдығы, сондықтан біздің экспозиция Қазақстан мен Корея арасында орнаған достық қарым-қатынасты білдіреді", – дейді Ким Джехон.
Сонымен қатар кездесу барысында корейлік тарап өз павильонының контентті толтыруымен таныстырды. Корейлік павильон 11 маусымда ашылып, 18-22 шілде аралығында елдің үздік әртістерінің қатысуымен мәдени шараларға толы корей апталығы өтеді. Корея өкілдерінің жасаған тұсаукесеріне сай, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде 400-ге жуық шара өткізу жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында Астана қаласында өтеді.