Корея компаниялары Alatau City-ге миллиардтаған инвестиция салуға ниетті

150

Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Корея Республикасына жұмыс сапары барысында бірқатар ірі компаниялардың басшыларымен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Корея компаниялары Alatau City-ге миллиардтаған инвестиция салуға ниетті Фото: primeminister.kz

Келіссөздерде корей бизнесінің Alatau City-дегі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға қатысу мүмкіндігі талқыланды.

Қанат Бозымбаев Korea Electric Power Corporation (KEPCO), Lotte Hotels & Resorts, Doosan Enerbility және Global Green Growth Institute (GGGI) өкілдерімен кездесіп, жаңа қаланы дамытуға озық технологиялар мен инвестиция тартудың маңызын атап өтті.

"Alatau City – Қазақстанның басты ұлттық жобаларының бірі. Бүгінде қала үшін арнаулы инвестициялық және реттеушілік орта қалыптастырылып, заманауи инфрақұрылым құрылуда. Біз жетекші корей компанияларымен ұзақ мерзімді әріптестікке мүдделіміз және бірлескен жобаларды нақты пысықтауға дайынбыз", – деді Қанат Бозымбаев.

KEPCO басшылығымен өткен кездесуде қаланың энергетикалық инфрақұрылымын дамыту мәселесі сөз болды. Атап айтқанда, электр энергиясын беру және тарату жүйелерін жобалау, қосалқы стансалар салу, ұлттық энергетикалық жүйеге интеграциялау және жергілікті электр желілеріне қосу бағыттары қарастырылды.

Ал Doosan Enerbility және GGGI өкілдерімен келіссөздерде Alatau City үшін жеке генерация көздерін дамыту мүмкіндігі талқыланды. Соның ішінде қуаты 2×250 МВт газ электр стансасын салу жобасы қарастырылып жатыр. Болашақта стансаның сутегі отынына көшу мүмкіндігі де ескерілген. Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, туристік және қонақүй инфрақұрылымын дамытуға қатысты ұсыныстар қаралды. Lotte Hotels & Resorts компаниясымен Alatau City аумағында L7 by Lotte қонақүйі орналасатын көпфункционалды кешен салу мүмкіндігі талқыланды. Құны $200 млн-нан асатын жоба 180 бөлмелі қонақүйді, кеңсе орындары мен тұрғын апартаменттерді қамтиды.

Кездесулер нәтижесінде тараптар аталған жобаларды қаржыландыру және жүзеге асыру тетіктерін нақтылау бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Қазір Alatau City-дің инвестициялық портфелінде жалпы құны $6,9 млрд болатын 67 жоба бар. Олардың іске асырылуы 55 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Жоспарланған жобалар қаланың энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымын күшейтіп, қонақүй, іскерлік және коммерциялық нысандардың дамуына жол ашпақ. Сонымен қатар халықаралық инвесторларды тарту жаңа жұмыс орындарын құруға және іскерлік белсенділікті арттыруға ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу