"Ауыл шаруашылығы саласында, әсіресе күріш өндіруде Сіздер үлкен жетістіктерге жеттіңіздер. Біз жергілікті диқандардың күріш өсіру технологиясын меңгергіміз келеді. Екі елдің аграршыларының тәжірибе алмасуын ұсынғым келеді. Және біз коронавирустық инфекциямен күресте ынтымақтастықты жалғастырамыз деп үміттенемін", – деді Ку Хонг Сок.
Кездесуде тағы бір маңызды мәселе қаралды. Ол өткен ғасырдың басында жапон басқыншыларына қарсы корей партизандық қозғалысының батыры болған, генерал ХОН Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтару туралы еді. Өйткені Хон Бом До Қызылордада жерленген.
"Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Корея президенті МУН Чже Иннің Қызылордада жерленген генерал Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтару туралы сауалына қатысты оң шешім қабылдады. Хон Бом До Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен халқымыздың ержүрек ұлы. Сондықтан екі елдің басшылары келіскен осы істі орындауда қолдау көрсетуіңізді сұраймын", – деді өкілетті елші.
Гүлшара Әбдіқалықова екі ел шаруаларының тәжірибе алмасу идеясына және генералдың сүйегін Оңтүстік Кореяға жөнелту рәсіміне көмек көрсетілетінін және кәріс батырына Сыр елінің құрметпен қарайтынын жеткізді.
"Қазақстан мен Корея Республикасы көптеген жылдар бойы сенімді қарым-қатынас орнатқан стратегиялық серіктестер болып табылады. Біз Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтару ісінде жан-жақты қолдау көрсетеміз және біздің елімізбен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу туралы ұсыныс жоғары деңгейде іске асырылатын болады", – деді аймақ басшысы.
Нұрбек Дәуренбеков