Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров СІМ-де өткен брифинг кезінде хабарлады.
"Оңтүстік Кореяда жүк көлігіне соғылған біздің елдің азаматы бүгінгі күні Қазақстанда. Ол жердегі мәселе жүк көлігінің жүргізушісімен өзара келісімге келу арқылы шешілген. Біздің азаматқа кореялық жүргізушінің ешқандай наразылығы жоқ. Алайда азаматымыз Оңтүстік Корея жерінен шығарылды. Оның шығындарын өтеуге біздің елшілік пен сол елде жүрген отандастарымыз көмектесті. Қажетті соманы жинап берді. Ол ұзақ уақыт емделген еді. Емделуі жақсы өтіп, қазір елімізге қайтып келді", –деді СІМ өкілі Айбек Смадияров.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Кореяда жол-көлік апатына түскен тағы бір қазақстандық жайлы да айтып өтті.
"Жол-көлік апатына түскен екінші жігіт – таксиге соғылған. Ол да Қазақстан аумағына депортацияланды. Оған да Оңтүстік Корея тарапынан қойылып отырған ешқандай кінә, талап жоқ", – деді Айбек Смадияров.
Ал Оңтүстік Кореяда елінде бала қағып, қашып кеткен қазақстандық туралы Сыртқы істер министрлігінің өкілі жақында күдіктінің соты болатындығын айтты.
"Бала қағып кеткен азаматтың соты жақында өтеді. Оның ісі толығымен қаралып, сотқа берілді. Сот уақыты белгілі болған кезде хабарлайды. Зардап шеккен кішкене баланың жағдайы жақсарды. Бәрі жақсы. Әкесімен байланысып тұрамыз", – деді ол.
Нұржан Көшкін