Кореядан сыйға әкелген жедел жәрдем көлігі неге тіркелмей тұр? – әкім жауап берді

Бұл туралы әуелі әлеуметтік желіде видео тарады. 

Кореядан сыйға әкелген жедел жәрдем көлігі неге тіркелмей тұр? – әкім жауап берді Фото: Видеодан алынған кадр

 

Автордың айтуынша, туған ауылына жасаған тартуын тіркеу үшін 2500 АЕК төлеуі керек болған.

Аталған мәселеге Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетов пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін қызылордалық азаматтар Корея елінен алып келіп, туған ауылына сыйлыққа берген жедел жәрдем көлігін тіркей алмай отырғанын айтқан болатын. Олардың сөзінше, осы күні ауылға жедел жәрдем қызметін ескі "УАЗ" көлігі көрсетуде.

 "Есімім – Бағдат. Бір кәсіпкермен бірігіп, өз ақшамызға Оңтүстік Кореядан ауылымызға жедел жәрдем көлігін сыйға тартқан едік. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылына. Бұл көлікті мекеменің атына, аудандық аурухананың атына жібердік. Енді бір жарым айдан бері "растаможка" жасай алмай отырмыз. Не себепті? Бұл көлікті тіркеу үшін мемлекет бізге "2500 АЕК (9,2 миллион теңге) төлеңдер, себебі бұл көліктерің – жүк көлігі" дейді. Бұл – 2,5-3 тонна зат емес, адам таситын көлік.

Бізге қарапайым М1 санатымен істеп берсе, 3,5 млн теңгелік шығын болса, өзіміз-ақ жасап алатын едік. Бастапқы тіркеудің өзіне 9,2 млн теңге сұрап тұр. Сұмдық бұл, не айтуға болады бұған? Алып келіп, өз ақшамызға беріп тұрмыз. Тіркеп, халыққа қызмет көрсетсін десек, бір жарым ай болды, көлік бостан-босқа тұр" , - дейді ол.

Осы жайтқа байланысты Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетов жауап берді. Әкім: "қолымыздан келген көмекке дайынбыз, бірақ ешкім заң бұзушылыққа бара алмайды", - деп отыр.

"Бұл мәселе әлеуметтік желіге шыққан күннің ертеңіне маған баспасөз хатшым көрсетті. Мен Бағдат деген кісінің телефон нөмірін тауып, ол кісімен сөйлестім. Жаңақорған ауданы, Жаманбай батыр (бұрынғы Бесарық ауылы) ауылының тумасы екен. Ол жігіттің әлеуметтік желіде айтқаны былай: "Алып келген көлігіміз – құжаттар бойынша ауыр салмақтағы жүк таситын көлік. Сондықтан да біздің кедендік БАЖ салығымыз 9 миллион болып кетіп отыр. Осыны жеңіл көлік деп алмастыруды, бағасын 3,5 миллион қылуды сұраймыз.

Енді қараңыз, құжат бойынша ауыр жүк көлігін "Жаңақорған ауданына демеушілік етіп отыр" деп біз заңды бұзып, жеңіл көлік деп жаздырып бере алмаймыз. Мұны мен өзіне де айттым, заң бойынша болмайды. Әлеуметтік желіге шықты екен деп заң бұзушылыққа ешкім бармайды. Бірақ, мен оған көмегім болсын деп барлық құжатын алдырдым. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті тауар айналымын ұлғайту және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мекемесінен көмек сұрадық, құжаттарды жібердік. Одан өзге Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов та ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен "осы жағдайға байланысты қандай көмек болады?" деп сұрауда. Жалпы, қолымыздан келген көмекке дайынбыз. Алдағы уақытта бір адамға болса да осы жедел жәрдем көлігі көмектессе, біз оған қуанамыз", - деді ол.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу