Кореялық әнші Қазақстанға туристер тарту үшін қызмет етеді

1371

Шетелдік әнші Ақтөбе  облысының амбасадоры атанды.

Кореялық әнші Қазақстанға туристер тарту үшін қызмет етеді Фото: Әзиз Жанұзақ

Сон Вон Соб қазір Ақтөбе қаласында жүр. Ол "Ақтөбе туристік ақпараттық орталығының" шақыруымен арнайы келген. Бүгін ол ресми түрде  облыстың амбасадоры атанды.  Өнерпаз өңірдің көрікті жерлерінде бейнебаян түсіріп, Қазақстанды өз елінде танытуға ат салыспақ, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Ақтөбеге бірінші рет келіп отырмын. Әзірге бәрі ұнап жатыр. Қаланың әдемі жерлерін толық аралап үлгермедім. Мені әсіресе, сіздің елдің мәдениеті ерекше қызықтырады. Алғаш рет Батырхан Шүкеновтің әнінің каверін орындаған едім. Содан бері қазақ тілінде көптеген әндерді үйрендім. Мен Ақтөбеден шыққан талантты әншілер өте көп екенін естідім. Бұл аймақтың танылуына мен де өз үлесімді қосамын", -дейді Сон Ван Соб.

Өнерпаз Қазақстанда бұған де дейін бірнеше мәрте болған. Тіпті, өзінің жанкүйерлерін де жинап үлгерді. Бүгін журналистермен өткен кездесуде ол домбыра шертіп,  Тоқтар Серіковтың орындауындағы "Сыған серенадасы" әнін  орындап берді.

"Ақтөбе облысында 30-ға жуық локация бар. Біз Қарғалы ауданындағы "Қасқыр" сарқырамасында, Байғанин ауданындағы "Ақтолағай" үстірті мен Мәртөктің орманында клиптер түсіруді жоспарлап отырмыз. Сон Ван Собты Ақтөбе қаласының 155 жылдық мерейтойына да шақырамыз", - деп атап өтті "Ақтөбе туристік ақпараттық орталығының" жетекшісі Ерсайын Сүйінов.

Сүйіновтың айтуынша, Кореялықтардың көшпенділер өміріне деген қызығушылығы зор. Мәселен, Сеул қаласынан күн сайын Моңғолияға 5 рейс ұшады екен. Сондықтан, енді олардың назарын Қазақ еліне аудару міндеті тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу