Кореялықтарға қазақ күресін үйретемін деген мамандарды қарсы алуға дайынбыз – Бэ Хансун

704

Қазақстанда қанша этникалық Корей халқы тұрады?

Кореялықтарға қазақ күресін үйретемін деген мамандарды қарсы алуға дайынбыз – Бэ Хансун Фото: kaz.inform.kz

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Оңтүстік Корея спортшылары да қатысып жатыр. Бүгін Корея делегациясының басшысы Бэ Хансун мырзамен сұхбаттасудың сәті түскен еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

– Бэ Хансун мырза, қазақ елінде өтіп жатқан көшпенділер ойындарына қош келдіңіздер.

– Бізді Қазақстан осы көшпенділер ойынына шақырғанына мың алғыс айтамыз. Қазақ еліне спортшыларымызды бастап келдім. Келуімізге Қазақстандағы бас елшілігіміз және осындағы Корей мәдени орталығына алғысымды білдіргім келеді. Менің білуімше, Қазақстанда 100 мыңнан астам этникалық Корей халқы тұрады. Бұл – екі елдің достығының айнасы. Осы арқылы екі ел спорттық, туристік және мәдени тұрғыдан бір-бірімізге тәжірибе алмасуға болады деп есептеймін.

– Бүгін бір спортшыларыңыз қазақ күресінен сынға түскенін көрдік. Қазақтың ұлттық күресін қалай үйрендіңіздер?

– Кореялықтар қазақ күресімен осыған дейін күресіп көрмеген болатын. Бірінші рет қазақ күресінен жарысқа қатысып отырмыз. Бізді V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысуға Қазақстан тарапынан ұсыныс жасалды. Біз қуана келістік. Бірақ, қазақтың ұлттық спорт түрлерін әлі білмейтін едік. Алайда, ойлана келе басқа спорт түрлерімен қатар қазақ күресімен де белдесуге шығып көруді жөн санадық. Содан кейін, Қазақстандағы әріптестерімізбен үнемі байланыста бола отырып, қазақ күресінің ережелерін, айла-тәсілдерін видео арқылы үйрендік.

– Қазақ күресі сіздерге ұнады ма? Сіздердің ұлттық күрестеріңізбен қандай ұқсастық байқалды?

– Әрине, ұнады. Күрестің барлығы бірдей сияқты көрінгенімен, әр елдің өзінің ерекшеліктері көрінеді. Біздің күресте де белімізге белбеу байлаймыз. Алайда, ұстау тәсілдері басқаша болады. Әдіс жасау жақтарында да көптеген өзгешелік кездеседі.

– Қазақ күресінің әдіс жасау жақтарында қандай қиындықтарды байқадыңыздар?

– Жалпы, қиын ештеңе болмайды. Біз бірінші рет қатысып отырған соң, кішкене қиындау болған шығар. Болашақта қазақ күресінің барлық айла-тәсілін меңгеріп алуға болатынын түсіндік.

– Болашақта, елдеріңізге Қазақстаннан қазақ күресін үйрететін мамандар шақыруға не болмаса қазақ еліне келіп қазақ күресін үйренуге қызығушылық бар ма?

– Әрине, егер сіздер тарапынан сондай ұсыныс болып жатса, біз қуана келісер едік. Біздің елімізге келіп, кореялықтарға қазақ күресін үйретемін деген мамандар болса, қарсы алуға дайынбыз. Міне, осы көшпенділер ойыны арқылы біздің спортшыларымыз қазақ күресінің не екенін көрді. Кореяда да жеті мемлекеттің спортшылары бірігіп өткізетін халықаралық күрес сайысы бар. Болашақта, осындай сайыстарға қазақстандық балуандар да келіп қосылып жатса керемет болар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу