Қазақстан мен Корея ақпараттық қауіпсіздік және жасанды интеллект саласында қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қоспақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Seoul Cyber University басшылығымен кездесуінде айтылды. Жоба Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті (АГЭУ) мен Seoul Cyber University арасындағы серіктестік аясында жүзеге асырылады.
Университеттер 2025 жылғы желтоқсанда өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Енді бакалавриат деңгейінде "Ақпараттық қауіпсіздік және жасанды интеллект" білім беру бағдарламасы бойынша қос дипломды оқыту жоспарланып отыр.
Оқу 1+2+1 моделі бойынша ұйымдастырылады. Студенттер бірінші және төртінші курстарды АГЭУ-де, ал екінші және үшінші курстарды Кореядағы Seoul Cyber University-де оқиды.
Бағдарлама түлектері екі университеттің де дипломын алады. Сонымен қатар студенттер халықаралық академиялық ортада білім алып, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы кәсіби құзыреттерін арттыра алады.
Жоба цифрлық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік және жасанды интеллект бағыттарында халықаралық талаптарға сай мамандар даярлауға бағытталған.