Қорғаныс министрі Бурабайда өтетін "Айбын" халықаралық жиынына дайындық барысын тексерді

313

Инспекциялық іс-шараларға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та қатысты.

Қорғаныс министрі Бурабайда өтетін "Айбын" халықаралық жиынына дайындық барысын тексерді Фото: Қорғаныс министрлігі

Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің "Амандық" полигонында қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов қатысушыларды қабылдау мен орналастыру, оған қоса жарыс алаңдарын жабдықтау мәселелерін жан-жақты зерделеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Қатысушыларды қабылдау, полигонға апаратын жолдардың жағдайы, жүргізілген құрылыс жұмыстары және алдағы жиынға дайындық барысы туралы министрге әскери колледж бастығы баяндады.

Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов далалық инфрақұрылым нысандарымен танысып, жазғы амфитеатр құрылысының сапасын, сол секілді саптық алаң мен әскери-қолданбалы және спорттық жарыстар өтетін алаңдардың жабдықталуын бағалады.

Ведомство басшысы қатысушыларды, команда жетекшілерін, спорт нұсқаушыларын және қазылар алқасының мүшелерін орналастыру, тамақтандыру және тұрмыстық қамтамасыз ету мәселелеріне жіті назар аударды. Олардың полигонда жайлы әрі қауіпсіз тұруы үшін әртүрлі сыйымдылықтағы 74 шатыр орнатылғанын айта кетелік.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша қорғаныс министрі жиынға қатысушылар үшін қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауды тапсырды. Бұдан бөлек ол тұрғын орындарды тиісті түрде жабдықтау, сапалы тамақтандыруды ұйымдастыру және шатырлы қалашықта санитарлық-гигиеналық нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

21–27 маусым аралығында Бурабай курорттық аймағында Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командаларының қатысуымен "Айбын" XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтетінін естеріңізге сала кетейік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу