Қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Қазақстан ГАЖ Орталығы АҚ-на барып, ұжыммен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сапар барысында орталықтың қызметі, жүзеге асырылып жатқан жобалар және Қарулы күштер мен өзге мемлекеттік органдарға арналған орта мерзімді даму жоспарлары таныстырылды.
Дәурен Қосанов-қа басқару тиімділігін арттыру, процестерді автоматтандыру және қорғаныс саласын цифрландыруға бағытталған заманауи әзірлемелер көрсетілді.
Сонымен қатар, сапар аясында цифрлық құзыреттерді дамыту, кадрлық әлеуетті нығайту және мамандарды даярлау мәселелері талқыланды.
Ведомство басшысы Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы шеңберінде қойылған міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындаудың маңыздылығына тоқталды. Ол цифрлық технологияларды дамыту және оларды қорғаныс саласына тиімді енгізу жұмыстарын одан әрі жандандыруды тапсырды.