Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов 2017 жылы маңызды республикалық және халықыралық сайыстарда айрықша көзге түскен Армия орталық спорт клубының спортшыларымен кездесті, деп хабарлайды қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Министр АОСК штаттық командаларының бірқатар спортшысына, республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кезекті әскери атақ беріп, құрмет грамоталарын табыс етті.
"Жылдан жылға байрақты бәсекеде медаль қоржынын толтырып, Қазақстанның туын көкке желбіретіп, еліміз бен Қарулы Күштердің намысын қорғап жүрсіздер. Бүгінде қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің дене даярлығына айрықша көңіл бөледі. Бұл өз жемісін беріп отыр және спорттық нәтижелерге жетуіміздің бірден-бір себебі. Қарулы Күштердегі спорт алға қарай ілгерілеп қадам басып келеді. Болашақта осы қалпымыздан таймаймыз деп үміттенемін", – дейді Сәкен Жасұзақов.
Жиынға қатысқан спортшылардың қатарында Қазақстанның құзға өрмелеушілері – кіші сержант Артем мен Никита Девятериковтар, биатлоннан VII қысқы Азиада ойындарының чемпионы кіші сержант Ян Савицкий, ХХVIII қысқы бүкіләлемдік универсиада чемпионы, биатлоншы сержант Алина Райкова, спорттық бағдарлауда ІІІ қысқы Бүкәлемдік әскери ойындардың жеңімпазы сержант Эльмира Молдашева болды.
"Барлық спортшының атынан Сізге және АОСК басшылығына бізге көрсетіп жатқан қолдауларыңызға алғыс білдіремін. Осының арқасында біз нәтижелер мен жеңіске қол жеткізіп отырмыз. Біз еліміздің Қарулы Күштерінде қызмет етіп жүргенімізді мақтан етеміз және "Армиялық спорттың туы көкке желбіресін!" атты клубтық ұранға әрқашан адал болуға міндеттенеміз, – дейді биатлоннан халықаралық дәрежедегі спорт шебері сержант Алина Райкова.
Бүгінгі күні Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубында спорттың әскери-қолданбалы түрінен 3 команда және олимпиада түрлерінен 15 команда бар. Әскери спортшылар республикалық турнирлерде сәтті өнер көрсетіп, жоғары нәтиже мен керемет дене даярлығын паш ете отырып, әлемдік аренада Қазақстан мен еліміздің Қарулы Күштерін лайықты деңгейде танытып жүр.
2017 жылдың басынан АОСК-ның 100-ден аса спортшысы республикалық және халықаралық деңгейдегі 17 сайысқа қатысты. Онда олар әртүрлі дәрежедегі 70-тен аса медаль жеңіп алды.