Қорғаныс министрлігі бөлімше командирлерін цифрлық даярлайтын портал әзірледі

391

Командирлікке үміткерлер онлайн тестілеуден  өтеді.  

Қорғаныс министрлігі бөлімше командирлерін цифрлық даярлайтын портал әзірледі Фото: gov.kz

Қорғаныс министрлігі бөлімше командирлерінің цифрлық құзыретін арттыруға арналған жаңа портал әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" аясында Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасымен әзірленген "Бөлімше командирлерін цифрлық даярлау" порталы министрліктің жабық желілік сегментінде орналастырылған.

Портал арқылы әскери қызметшілер әскерлер мен ресурстарды автоматтандырылған басқару жүйелерінің негіздерін меңгеріп, әскери саладағы жасанды интеллект технологияларымен және жергілікті есептеу желілерін өрістету деңгейлерімен таныса алады.

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, қазіргі заманғы командир технологиялық өзгерістердің бастамашысы әрі көшбасшысы болуы керек. Ол жаңа цифрлық құралдарды тиімді пайдалануды жолға қойып, олардың күнделікті қызметте нәтижелі қолданылуын қамтамасыз етуі тиіс.

Енді әскери бөлім немесе мекеме командирі лауазымына тағайындалатын әрбір үміткер портал арқылы онлайн тестілеуден міндетті түрде өтеді. Оның нәтижелері Қорғаныс министрлігінің басшылығына ұсынылады.

Қазіргі командир цифрлық құзыреттерді меңгеріп қана қоймай, бөлімшенің күнделікті қызметіне заманауи ақпараттық технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізуге бастамашы болуы тиіс.

Осы мақсатта Қарулы күштердің әскери басқару органдарында, құрамаларында және әскери бөлімдерінде командирлердің цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған арнайы сабақтар өтіп жатыр. Оқу барысында автоматтандырылған басқару жүйелері, жасанды интеллект, деректерді өңдеу және талдау құралдары, қорғалған ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен бөлімшелерді басқарудың цифрлық құралдары оқытылады.

Жаңа жүйе басқару тиімділігін арттырып, шешім қабылдау жылдамдығын, жоспарлау мен бақылау сапасын жақсартуға және әскери бөлімдердің жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығын күшейтуге бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу