Қорғаныс министрлігі мен Күрес федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

406

Меморандум аясында спорттық инфрақұрылым жаңартылып, дарынды жас балуандарды даярлау мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту көзделген.  

Қорғаныс министрлігі мен Күрес федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжат әскери қызметшілердің дене және спорттық даярлық жүйесін дамытуға, сондай-ақ жоғары дәрежелі спортшыларды қолдауға бағытталған.

Меморандумға Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен федерация төрағасы Еркін Оқасов қол қойды.

– Мұндай меморандум Қарулы күштердің спорттық әлеуетін нығайтуға және жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған өзара ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңін бастайды. Күш-жігерімізді біріктіру дарынды спортшылардың мүмкіндігін ашуға, олардың халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне қолдау көрсетуге, сондай-ақ патриотизмді, тәртіпті және Отанға қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдыратын ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Қорғаныс министрі.

Құжатқа сәйкес, тараптар спорттық күресті дамыту бағытындағы жұмысты үйлестіреді, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырады, спортшылар мен мамандардың халықаралық іс-шараларға қатысуына жағдай жасап, әскери-спорттық халықаралық ынтымақтастықты кеңейтеді.

Сонымен қатар келісім аясында Қарулы күштердің спорттық инфрақұрылымын дамыту көзделген. Бюджеттен тыс қаражат есебінен спорт нысандары заманауи күрес кілемдерімен және арнайы спорттық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Спорттық резервті даярлауға да ерекше назар аударылады. Енді 9-сыныпты аяқтаған дарынды жас спортшылар Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінде "еркін күрес" және "грек-рим күресі" мамандықтары бойынша білім ала алады. Ал ұлттық құрама мүшелеріне халықаралық жарыстарға дайындықты жалғастыра отырып, Қарулы күштердің Спорт ротасында әскери қызмет өткеру мүмкіндігі беріледі.

Тараптардың пікірінше, меморандум олимпиадалық күрес түрлерін дамытуға, армия спортшыларының әлеуетін арттыруға, отансүйгіш жастарды тәрбиелеуге және Қазақстанның халықаралық спорттағы беделін нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу