Байзақ ауданындағы қоймада мұндай оқ-дәрілер сақталмаған – Қорғаныс министрлігі

1608

Ведомство әлеуметтік желіде жарияланған видеоға қатысты жауап берді.

Байзақ ауданындағы қоймада мұндай оқ-дәрілер сақталмаған – Қорғаныс министрлігі

Әлеуметтік желіде жарияланған видеодан тау боп үйілген снарядқа ұқсас темір заттарды көресіз. Автордың айтуынша, бұлар Байзақ ауданының орталығы - Сарыкемер ауылындағы мейрамхананың ауласында шашылып жатыр және кейбірі жарылуы да мүмкін. Снарядқа ұқсас темір зат мейрамхана ауласында қайдан пайда болды? Ол кімге тиесілі? Қаупі қандай? Бұл сұрақтарға Қорғаныс министрлігі ресми жауап берді.

Ведомствоның түсіндіруінше, пайдалануға жарамсыз оқ-дәрілер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомстволық ұйымы -"Қазтехнология" АҚ-ға беріледі. Ал аталмыш ұйым олардың құрамындағы жарылыс қаупі бар заттарды жойып, өндірісте кәдеге жаратуға дайындайды. Оқ-дәрілердің сынықтары осындай үрдістен кейін ғана gosreestr.kz  электрондық сауда алаңы арқылы сатуға қойылады.

Ал видеода көрсетілген снарядтардың сырты мен оқсауыты – бұл оқ-дәрілерді кәдеге жаратқаннан кейін алынған және электрондық gosreestr.kz алаңындағы сауда арқылы жеке кәсіпорынға сатылған металл сынықтары екен. Олар қоршаған ортаға ешқандай қауіп төндірмейді.

Металл сынықтары жатқан өндірістік база "Бақтияр-Group" ЖШС-ға тиесілі екені тексеру барысында анықталған. Оның аумағында қара металл сынықтары (күйдірілген металл, болат және шойын металл) сақталған.

"Аталған металды "Бақтияр-Group" ЖШС 2021 жылы 30 наурызда  Түркістан облысы, Арыс қаласында "Қазтехнология" АҚ-ның металл сынықтары қоймасымен жасалған шарт негізінде сатып алған. "Бақтияр-Group" ЖШС хабарламаға сәйкес заңды мекенжайы: ҚР, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында тіркелген. Бұл ұйымның түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, өңдеу және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы лицензиясы бар. 26 тамызда өрт шыққан Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрілер қоймасында мұндай оқ-дәрілер сақталмағанын айта кеткен жөн", – деп жазылған министрліктің жауабында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу