Қорғаныс министрлігіндегі бюджет тиімділігін 61 аудитор тексеріп жатыр – Тәкиев

787

50 әскери бөлімде тексеріс жүргізіліп жатыр.

Қорғаныс министрлігіндегі бюджет тиімділігін 61 аудитор тексеріп жатыр – Тәкиев Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қаржы министрі Мәди Тәкиев Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатына жүргізіліп жатқан тексеріс туралы пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бюджетті іске қосқан кезде оны жоспарлаймыз, онда не сатып алу керек екені, қандай бағдарламалар бар екені көрсетіледі. Сол бағдарламаға қарап қаражатты жоспарлаймыз. Оның екінші жағы бар. Қаржының тиімді жұмсалғанын тексереміз. Өздеріңіз білесіздер, Қаржы министрлігінде ішкі аудит комитеті бар. 2023 жылы тексеріс болды, 2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша бөлек бөлімдерде тексерістер болды. Ол жақта да бірталай бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы есеп бергенбіз", – деді ведомство басшысы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Мәди Тәкиев Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия құрамына Қаржы министрлігі де кіргенін атап өтті.

"Біз 61 аудиторды тексеруге бөлдік. Бүгінгі таңда 50 әскери бөлімде тексеріс жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі қандай болатынын көреміз. Әлі уақытымыз бар. Оның нәтижесі бойынша сіздерге қосымша хабарлаймыз", – деп атап өтті Мәди Тәкиев.

Оның айтуынша, аудит қандай да бір құқықбұзушылықтар анықтаған жағдайда, мәлімет құзыретті органдарға жіберіледі.

"Егер анықтаса, мәлімет құзыретті органдарға жіберіледі. Мысалы, 2026 жылдың 9 айының тексерісі бойынша біз 5,4 трлн теңгеге құқықбұзушылықтар анықтадық. Толық материалдарды Қаржылық мониторинг агенттігіне бердік", – деп жауап берді Қаржы министрі.

Айта кету керек, бұған дейін Қорғаныс министрлігінің жұмысына ауқымды тексеріс жүргізілетінін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу