Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери тарихты сақтау және жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы музей жұмысын дамытуды жалғастырып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі таңда орталық құрамында Астанадағы Әскери-тарихи музей, Алматыдағы Даңқ музейі және Ақмола облысындағы Родина ауылында орналасқан филиал жұмыс істейді.
Жаңа филиал биыл Отан қорғаушы күні қарсаңында ашылған. Жобаны жүзеге асыруға "Родина" агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр бастамашы болып, оған Қорғаныс министрлігі қолдау көрсеткен.
Елордадағы Әскери-тарихи музей қорында 24 мыңнан астам жәдігер сақталған. Олардың қатарында VI–VIII ғасырларға жататын түркі жауынгерінің геральдикалық белбеуі, Бөгенбай батырдың дулығасы, Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен Жеңіс туының көшірмесі, сондай-ақ генерал-майор Иван Панфилов пен Сағадат Нұрмағамбетовтің жеке заттары бар.
Музей аумағындағы ашық аспан астындағы көрме алаңында ХХ ғасырдағы әскери техника мен қару-жарақ үлгілері қойылған.
Алматыдағы Даңқ музейінде 30 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Оның ішінде марапаттар, майдан хаттары, фотосуреттер, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жеке заттары, сондай-ақ Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметіне қатысты материалдар бар.
Қорғаныс министрлігінің музейлері келушілерге Қазақстанның әскери тарихы мен ел тарихындағы маңызды кезеңдер туралы мағлұмат беріп, жастар арасында патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға үлес қосып келеді.