Себебі аталған заңда қарастырылған кейбір талаптарды сақтау отандық өндірушілерге қиынға соғып отыр. Бұл туралы Абай облысының халқымен кездесуде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ержан Мырзабаев айтты, деп жазады inbusiness.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Абай облысының іскер ортасы және жергілікті халқымен Индустрия вице-министрінің кездесуі барысында Семейдегі аяқ киім фабрикасының өкілдері мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты алу шарттары тым қатаң екенін айтты. Сондықтан семейлік жеңіл өнеркәсіпшілер оған қатысудың талабы оңтайландырылып, жеңілдетілсе деген пікірде. Бұл орайда Е.Мырзабаев келер жылы тиісті заң жобаны әзірлеу көзделіп отырғанын атап өтті.
"Қазір Үкімет басшысы алдымызға қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелерін реттейтін қолданыстағы заңды толығымен қайтадан қарастырып, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастырудың ережелерін жетілдіру міндетін қойып отыр. Министрлік қазір осы мәселемен айналысып келеді", - деді Ержан Мырзабаев.