Қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдары стратегиялық нысандарға жатқызылмақ

756

Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды.

Қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдары стратегиялық нысандарға жатқызылмақ Фото: inbusiness.kz

Парламенттің төменгі палата депутаттары құжатты бірінші оқылымда қабылдады. Қатысып отырған 93 депутаттың 92-сі қаулыны жақтап дауыс берсе, біреуі қалыс қалды, деп жазады inbusiness.kz.  

Құжатты депутат Айгүл Құспан таныстырды.  

"Заң жобасында ұлттық қауіпсіздік қағидаттарының өзгеруі адам құқығы басымдығы принциптерін еш жоққа шығармайды. Керісінше оларды Конституцияға сәйкестендіретін болады. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін күштердің заманауи сынақтарға дайындығын арттыру, осыған қатысты заңнамадағы кейбір олқылықтарды жою көзделіп отыр", - деді ол. 

Заң жобасымен 2 кодекске және 11 заңға түзетулер енгізілмек.

"Біріншіден, қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын стратегиялық объектілерге жатқызу және қорғаныс пен қауіпсіздік мұқтажы үшін қажетті тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге септігін тигізетін нормалар енгізу, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушыны таңдау рәсімін тек конкурстық негізде және ашық жүргізу ұсынылады. Екіншіден, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызметтік тәртібіне, біліктілігіне және әлеуметтік қорғалуына қатысты түзетулер енгізу ұсынылады. "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Заңның қолданыстағы редакциясында қызметтік тәртіпті сақтау міндеті басшыларға ғана жүктелген болатын. Енді арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтік тәртіп үшін жауапкершілікті тек жеке-дара бірінші басшыларға ғана емес, барша бөлімше басшыларына да жүктеу ұсынылады", - деді депутат.

Бұған қоса, барлық басшыларға ұлттық қауіпсіздік органдарының кадр құрамын патриоттық тәрбиелеу және құқық бұзушылықтың алдын алу міндеті тапсырылады.

"Атап өту керек, заң жобасындағы бірқатар нормалар әскери қызметті атқару тәртібін жақсартуға бағытталып отыр.  Үшіншіден, діни экстремизмнің алдын алуды заңдық тұрғыдан реттеу ұсынылады", - деп атап өтті халық қалаулысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу