ҚР ҚК Тыл және қару-жарақ басқармасының бастығы Асылбек Сатыбалдинов отандық өндірушілер, әскери киім нысаны және оған қойылатын талаптар туралы сұрақтарға жауап берді.
Асылбек Ермекұлының айтуынша, ҚР ҚК әскери қызметшілерін, әскери бөлімдері мен мекемелерін заттай мүлікпен жабдықтау нормаларына сәйкес әскери қызметшілер 169 киім түрімен қамтамасыз етілуі тиіс.
"Оның ішінде фуражка, қалпақ, китель, жылы күртеше, жейде, галстук, бәтеңке, туфли, және т.б. керек жарақтар бар. Әскери киім нысанының бірнеше түрі бар: ерекше салтанатты, салтанатты, күнделікті, далалық және жұмыс формасы. Сондай-ақ олар жазғы, қысқы, сапқа арналған және саптан тыс, тиісінше ерлерге және әйелдерге арналған болып бөлінеді. Әрбір әскердің өз киім кию нысаны болады. Әскери қызметшілердің әскери киім-кешегі үшін жаңа түс үйлесімділігі қолданылды", – деді ол.
Басқарма басшысы мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша сатып алынатын 96% дейін қажетті мүлікті Министрлік отандық тауар өндірушілерге тапсырыс беретінін айтты.