Қорғас аумағында "Ozon" интернет-дүкені қойма ашуға мүдделі

634

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығында болды, деп хабарлайды inbusiness.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.   

Қорғас аумағында "Ozon" интернет-дүкені қойма ашуға мүдделі Фото: primeminister.kz

Вице-премьер Қорғас торабының аумағында орналасқан объектілердің жай-күйін зерделеп, қызметімен танысты. Ол аумақта "Нұр Жолы" кедендік өткізу пункті, "Қорғас-Шығыс қақпасы" АЭА өндірістік аймағы, багаж, логистикалық терминалдар, "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының (ХШЫО) сауда және мәдени орталықтарының құрылыс орындары орналасқан.

"Қорғас" - сауда, экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық, туризмді дамыту кешені. Кешен Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының шекаралас аймақтарында орналасқан қазақстандық және қытайлық бөліктерден тұрады. 2017 жылы "Қорғас" ХШЫО қазақстандық бөлігінің аумағына арнайы экономикалық аймақ (АЭА) мәртебесі берілді. 2019 жылғы маусымда басқарушы компания құрылды, содан кейін "Қорғас" ХШЫО" АЭА инвесторлары оның қатысушылары болуға және көзделген жеңілдіктерді пайдалануға мүмкіндік алды.

"Қорғас" халықаралық орталығының даму стратегиясын біз сауда-экономикалық және туристік әлеуетті ұлғайтуға негіздейтін боламыз. Инвесторлардың лайықты жобалары бар, мысалы, қолөнершілер қаласы, этномәдени кешен, жайлы қонақ үйлер мен мейрамханалар салу. ХШЫО базасында электрондық коммерцияны, қазақстандық қызметтер мен тауарлар экспортын, екіжақты сауданы дамыту үшін жағдай жасауымыз керек. Ол үшін барлық объектілерге тексеру жүргізіп, инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, бірыңғай жоспарлау архитектурасын құрып, адамдар кіру және шығу кезінде багажды кедергісіз тапсырып, ала алатындай инфрақұрылыммен, багаж бөлімшесімен мәселелерді шешуіміз қажет.  "Қорғас-Шығыс қақпасы" АЭА аумағында ауыр жүк көліктеріне байланысты барлық өндірістік және көліктік-логистикалық бөлік шоғырлануы тиіс", - деп атап өтті Серік Жұманғарин.

"Қорғас ХШЫО" АЭА аумағында 2017 жылдан бастап 3,8 га жер телімінде "Қолөнершілер қаласы" инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Инвестиция көлемі 10 млрд теңге, құрылыс алаңы 20 000 шаршы метр, 450-ден астам жұмыс орнын құруды қарастырады. Қолөнершілер үй-жайларын және көрме павильондарын ұйымдастыруды ұсынады. Ол Қазақстандағы қолөнер саласын ілгерілетуге және дамытуға ықпал етеді.

"Номад" этномәдени кешені – бұл жоба аясында Жібек жолы бойында орналасқан ежелгі көшпенділер қалаларының бейнелері жаңғыртылады.  Қонақтарды Қазақстанда тұратын халықтардың салт-дәстүрлерімен, мәдениетімен, өнерімен таныстыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ "Қорғас" ХШЫО аумағында, бұрынғы "Жаркент" кеден бекеті ғимараттарының негізінде "Қазақстан" көрме орталығын құру жоспарда бар. Экспозицияларды құруға ел экономикасының жетекші салаларының қазақстандық кәсіпорындары тартылады. Жаңа технологиялардың көмегімен Қазақстанның табиғи, мәдени, сәулет, тарихи нысандарын көрсететін экспонаттар жасалмақ.

Электрондық коммерцияны дамыту үшін 2019 жылы ХШЫО аумағында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен басқа ЕО, АҚШ, Бразилия елдеріне почта жөнелтімдері түрінде тауарларды қабылдау, сақтау және одан әрі жөнелту бойынша қызметтер көрсетуге мүмкіндік беретін Бонд қоймасы құрылды. 2019 жылғы қарашадан 2020 жылғы қаңтарға дейін салмағы 30 тоннадан асатын Еуропалық Одақ, АҚШ және Канада елдеріне коммерциялық тауарлар жөнелтілді. 2020 жылдың қаңтарында пандемияға байланысты Қытай шекарасының жабылуына байланысты кеден қоймасының қызметі тоқтатылды.

Сервисті жаңғырту логистикалық инфрақұрылымды жақсартуға және жетілдіруге, инвестициялар тарту үшін қолайлы климат құруға ықпал етеді, кедендік ресімдеуді жеңілдетеді және халықаралық пошта жөнелтілімдерінің транзитін жолға қоюға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Alibaba Group компаниясының ресейлік кеңсесі мен Қазақстанның инвестициялық компаниясы "Қорғас" ХШЫО аумағында Бонд қоймасын бірлесіп салу туралы келісімге келді. "Ozon" интернет-дүкені осындай қойманы ашуға белсенді қызығушылық танытып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу