Қорғасын зауытының қалдығы ауаны ластап жатыр

934

Шымкент халқы қорғасын зауытынан қалған қалдықтан зардап шегіп отыр. 

Қорғасын зауытының қалдығы ауаны ластап жатыр Фото: Otyrar.kz

Жетпіс жыл бойы жиналған өндіріс қалдығы 2 миллион тоннаға жуықтайды. Олардың беті ашық болғандықтан жел соққан күндері ауаға көтеріліп, шаң-тозаң қаланы басып қалады. Осының салдарынан сол маңдағы тұрғындар зауытта жұмыс істемесе де демікпе, анемия, аллергия секілді созылмалы сырқатқа жиі  шалдығады. 

Тау болып үйілген қалдықтың құрамын зерттеген мамандар мұнда Менделеев кестесіндегі біраз элементтің барын анықтады. Тұз, ластанған мырыш, мыс, қорғасын секілді ауыр металдар тапқан. Ғалымдар ауыр элементтер желмен көкке көтеріліп, экологияны ластап жатыр дейді. Ал ауа арқылы адам ағзасына сіңген қорғасынның шығуы қиын. 

Мамандар қалдықтың зардабын әсіресе үйлері үйіндіге жақын орналасқан тұрғындар қатты тартады деп отыр. Айтып өтейік, бұл қалдықтың маңында құрсай шағын ауданы орналасқан.

"Қорғасын зауытының 2-3 шақырым жерінің бәрінде қорғасын бар. Оның бәрі улы зат. Басқа улы заттар біраз уақыттан соң шығуы мүмкін организмнен, ал қорғасын шықпайды. Оның ең қауіптісі осы", дейді Техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Аширов. 

Қалдықтың қауіпті екені біраздан бері көтеріліп келеді. Сондықтан былтыр арнайы экономикалық аймақ құрылып, жеке инвестор есебінен қайта өңдейтін кәсіпорын іске қосылған еді. Бірақ, зауыттың жылдамдығы тым баяу. Әйтпесе құрамында ауыр металл көп қалдыққа сұраныс та жоғары.     

"Түсті металдың концентратына сұраныс өте көп. Дәл қазір біз оны "Қазақмысқа" жіберіп жатырмыз. Содан кейін Өзбекстанның Алмалық заводына жіберіп жатырмыз. Ал енді осы жылдың алғашқы жарты жылдығында осы жерде 2 пешті іске қосамыз", дейді Компания басшысы Серікжан Сейітжанов.  

Екі пеш қосылғанның өзінде кәсіпорынның қуаттылығы жылына 600 мың тоннаға ғана артады. Егер сол жылдамдықпен тоқтамай жұмыс істесе алдағы 5-6 жылда қалдық түгел таусылады деген болжам бар. Оған дейін бұл маңдағы тұрғындардың шыдай тұруынан басқа амал жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу