Көрінбейтін жау: ас арқылы жұғатын паразиттерден қалай қорғануға болады

225

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, жыл сайын миллиондаған адам күнделікті ас пен су арқылы паразиттерді жұқтырады. 

Көрінбейтін жау: ас арқылы жұғатын паразиттерден қалай қорғануға болады Фото: gastrocentr.ru

Маман­дар тағам қауіпсіздігін сақтау және қауіпті азайту үшін қарапайым ережелерді ұстануға кеңес береді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Көпшілікке шала піскен стейк пен тәбетті суши-сет - мүлде зиянсыз көрінуі мүмкін. Алайда дәл осындай дәмді тағамдар кейде көзге көрінбейтін қауіпті паразиттердің мекеніне айналады. Олардың дернәсілдері мен цисталары иіссіз, беймәлім күйде қалып, айлар бойы өнім ішінде тіршілігін сақтайды. Тіпті қақаған аяз бен шыжыған ыстыққа, тіпті тұздаудың өзіне де төтеп бере алады.

Ет толыққанды термиялық өңдеуден өтпеген жағдайда оның құрамында трихинелла дернәсілдері, шошқа немесе сиыр цепені, сондай-ақ токсоплазмоз қоздырғыштары қалуы мүмкін. Шикі немесе жеткіліксіз тұздалған балық пен теңіз өнімдері жиі описторхоз, клонорхоз және анизакидоз қоздырғыштарын алып жүреді. Көкөністер мен көк шөп аскарида мен власоглав жұмыртқаларын тасуы ықтимал, егер олар ластанған сумен суарылса. Тіпті мөлдір көрінетін бұлақ суында да лямблия цисталары мен гельминт жұмыртқалары кездесуі мүмкін.

Бұл  жаһандық деңгейдегі мәселе. Қазіргі таңда өсіру, тасымалдау немесе дайындау кезінде санитариялық талаптың бір рет бұзылуының өзі жаппай жұқтыруға себеп болуы ықтимал.

ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығына қарасты Референс-зертханасы мамандарының айтуынша, қауіп аймағында көбіне шикі балық пен шала піскен стейкті ұнататындар, бақылаусыз базарлардан өнім алатындар, сапасы төмен суды тұтынатындар және сапар кезінде жергілікті тағамдарды термиялық өңдеусіз татып көретін туристер болады.

Мамандар қауіптің алдын алу үшін көкөніс, жеміс-жидек пен көкті мұқият жууға, қажет болса, арнайы щетка немесе қауіпсіз дезинфекциялық ерітінді қолдануға; тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішуге; ет пен балықты қауіпсіз температураға дейін пісіруге және тағамды жәндіктермен немесе лас беттермен жанаспайтындай етіп сақтауға кеңес береді.

Референс-зертханада күн сайын ет, балық, көкөніс, жеміс-жидек пен судан паразитарлық ауру қоздырғыштарының бар-жоғын анықтау үшін микроскопиялық әдістер қолданылады. Мамандардың айтуынша, асүйдегі ұқыптылық пен тағамды дұрыс термиялық өңдеу – сіз бен отбасыңыздың денсаулығын қорғайтын сенімді қалқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу