Оның сөзінше, қоғамда кәсіби біліктілігі жоқ бола тұра халыққа ақыл айтатындар көбейіп кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Психолог бұрын жағдайыңды түсінетін досың еді, көңіліңе қарайтын көршің еді. Қазір осы институттың бәрі әлсіреген кезде, адамдар кімге барып жан-жарасын айтарын білмей қалды. Міне, осының салдарынан, мемлекеттік бақылау болмағандықтан, қазір екінің бірі – психолог, көрінген әумесер әлеуметтік желіде әулие болып кетті. Бұл өтірік емес.
Бір мысал айтайын. Бір жігіт психологпен әлеуметтік желі арқылы байланысады, сөйлеседі. "Менің отбасым, әйелім, әке-шешем бір-бірін түсінбей жүр, осыны қалай шешемін?" десе, психолог "Сен олардан алыс жүр" деген ғой. Сөйтіп, бүкіл әулеттің ойран-топырын шығарған, – деді халық қалаулысы.
Ринат Зайыт жеке тұлғалардың жан саулығы үшін мемлекет барлық жағдайды жасауы керек деп есептейді.
– Біз оны қадағалауға алып, ертең әкені ұл жағынан алып, шешені қыз беттен алып жатқан заманда, оны ары қарай ушықтыруымызға хақымыз жоқ деп ойлаймын, – деп сөзін қорытындылады депутат.
Бұған дейін Қазыбек Иса "Уағызды кім көрінген айту қашан тоқтайды?" деген мәселе көтеріп, депутаттық сауалын жолдаған еді.