Астанада көркем гимнастикадан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Аталған сынға еліміздегі беткеұстар гимнасшылар қатысып, үздіктерді анықтады. Чемпионат қорытындысы бойынша жақында ғана Азияны мойындатқан шымкенттік Алина Әділхановаға тең келер ешкім болған жоқ деп хабарлайды olympic.kz.
Алина көпсайыста да, жекелеген жаттығуларда да қарсыластарынан оқ бойы озық атанып, алтын медальді жеңіп алды. Күміс жүлдеге Оңтүстік Қазақстан облысының тағы бір өкілі Даяна Әбдірбекова қол жеткізсе, үздік үштікті астаналық Адиля Тлекенова тұйықтады.
Ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупованың айтуынша, ел біріншілігі көптеген талантты спортшылардың танылуына мүмкіндік берген.
"Қазақстан чемпионатына еліміздегі спортшылардың барлығы қатысуға тиіс. Өйткені, осы додадан соң тамыздың аяғында өтетін Азия ойындарына аттанатын құрам жасақталады. Бұл біріншіліктің маңызы зор екенін осыдан-ақ байқау болады. Бас бапкер ретінде мен талантты спортшылардың аяқ алысын бақыладым. Біріншілік кезінде ересектерден бөлек жасөспірімдердің қабілеті де басты назарда болады. Яғни, Қазақстан біріншілігі әр спортшы өз мүмкіндігін паш ететін маңызды бәсеке. Сондықтан, спортшылардың үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр", - дейді бас бапкер Әлия Юсупова.
Мамырдың басында қазақстандық көркем гимнасшылар Куала-Лумпрда өткен Азия чемпионатынан табысты оралды. Алина Әділханова сары құрлық додасында үш алтын жеңіп алды. Ол доп және таспамен жаттығуда, сондай-ақ, көпсайыста алтын медаль иегері атанды. Сонымен бірге, Қазақстан құрамасы командалық есепте күміс медаль, топтық жаттығуда қола медаль иеленді.
Енді ұлттық құрама спортшылары үшін Индонезияда өтетін Жазғы Азия ойындарына қызу дайындық басталады.