Биыл Әлия Юсупова шәкірттері Азия ойындарында абсолютті чемпион атанып, Азия біріншілігінде үш алтын жеңіп алды, деп жазады Olympic.kz.
"2018 жыл Қазақстан көркем гимнастикасы үшін жемісті болды. Алға қойған барлық жоспар орындалып, мақсаттарымыз жүзеге асты. Еліміз бен шетелдерде өткен оқу-жаттығу жиындарының нәтижесі бірден байқалады. Азия ойындары мен Азия біріншілігіне біздің команда жаңартылған құраммен барды. Олар: Алина Әділханова, Адиля Тілекенова, Селина Жұматаева және Айдана Сарыбай. Азия чемпионатындағы командалық есепте біздің құрама 2-орын иеленіп, күміс жүлде тағынды", - дейді ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупова.
Жыл басынан бері қазақстандық көркем гимнастика шеберлері бірнеше ірі халықаралық турнирлер мен әлемдік және құрлықтық деңгейдегі жарыстарға қатысты.
Мәселен, құрама спортшылары Латвия, Эстония, Грекия, Россия, Польша, Қазақстан, Люксембург елдерінде өткен жеті халықаралық турнирге қатысып, жеңімпаз бен жүлдегерлер қатарынан көрінген.
Одан бөлек, көркем гимнастар төрт Гран-при кезеңіне, алты әлем Кубогі додасында бақ сынады.
Ең үлкен жетістік Куала-Лумпурде (Малайзия) өткен Азия біріншілігі мен Джакартадағы (Индонезия) Азия ойындарында тіркелді.
Еске сала кетейік, Астанада өткен Ұлттық спорттық жүлде қорытындысы бойынша, Әлия Юсупова жазғы спорт түрлері бойынша үздік бапкер деп танылды.