Шымкент қаласында көркем гимнастикадан ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Әлия Юсупованың жүлдесіне арналған VII халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі жарысқа Израиль, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Жапония, Вьетнам және Қазақстан құрамасының 100-ге жуық спортшылары екі жас ерекшелігі бойынша көпсайыс түрінен сайысқа түседі.
Спорттық шараның ашылу салтанатына қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев барша турнирге қатысушы спортшыларға қош келдіңіздер дей отырып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
"Еліміздің мақтанышы Әлия Юсупова көркем гимнастикадан Азия ойындарының екі дүркін абсолютті жеңімпазы. Афины және Бейжің қалаларында өткен жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған. Бүгінде көркем гимнастикадан ҚР бас жаттықтырушысы қызметін абыроймен атқарып келе жатқан спорт саласының бірегей білікті маманы",- деді әкім.