Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне жаңа ректор тағайындалды

3067

Жыл бойы ректор міндетін физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Бахытхан Абдикаримов атқарды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне жаңа ректор тағайындалды

80 жылдық тарихы бар іргелі оқу орнына жаңа ректор тағайындалды. Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова университет ұжымына жаңа ректорды таныстырды.

Ректор лауазымына БҒМ қаулысымен Бейбіткүл Сарсемханқызы Кәрімова тағайындалды.

Бейбіткүл Кәрімова 1972 жылы Алматы облысының тумасы, Қазақ қыздар педагогикалық институтының түлегі. Филология ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын осы институттың филология факультетінде оқытушылықтан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты "Оқулық" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметінде болған.

Бейбіткүл Сарсемханқызы – тіл білімі, салыстырмалы грамматика, қазақстандық саясаткердің тілдік тұлғасы және оқулықтану мәселелеріне арналған 80-нен аса ғылыми еңбектің авторы. АҚШ, Франция, Финляндия және Оңтүстік Корея елдерінде біліктілігін жоғарылату курстарынан өткен.

Вице-министр Ш.Каринова ЖОО-ға қойылатын талаптар қайта қаралып жатқанын, 2021 жылдан бастап барлық университеттің өзіндік дипломы болатынын жеткізді.

"Олай дейтін себебіміз, әр университет өзіндік дипломына байланысты білім мен тәрбие беріп, нақты маман иесін қалыптастырады. Енді ел экономикасына жұмыс істейтін қызметкерлердің барлығы білімін университетпен байланыстырмақ. Бұл ЖОО-лар арасындағы бәсекеге қабілеттілікті орнатады деген сенімдеміз", – деді ол.

Сондай-ақ, Президент тапсырмасымен профессорлық-оқытушылық құрамның еңбекақысын көтеру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылатынын, алдағы уақытта мемлекеттік грант құны артатынын айтты.

Айта кету керек, Сыр елінің бас оқу орнын ұзақ жылдар техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов басқарды. Бүгінде ол облыстық мәслихат хатшысы. Жылға жуық бос тұрған ректор міндетін уақытша физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Бахытхан Абдикаримов атқарды.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу