Қорқыт ата әуежайындағы жаңа жолаушылар терминалының жобасы таныстырылды

636

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Болат Өтемұратов қорының өкілдерімен кездесті.

Қорқыт ата әуежайындағы жаңа жолаушылар терминалының жобасы таныстырылды

Жиында қор өкілдері Қорқыт ата әуежайындағы жаңа жолаушылар терминалының жобасын ұсынды. "Верный Капитал" тобы жүзеге асырып жатқан жобаның құны – шамамен 25 миллион АҚШ доллары. Құрылыс аяқталғаннан кейін нысан қаланың коммуналдық меншігіне тегін беріледі.

"Верный Капитал" компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың ақпанында бастау жоспарлануда, ал жаңа терминал 2024 жылдың қыркүйегінде алғашқы жолаушыларды қабылдай алады.

Шыныдан жасалған витражды қасбеттері бар екі қабатты терминалдың жалпы ауданы 7 500 шаршы метрді құрайды. Халықаралық және ішкі ұшу аймақтары сәйкесінше 130 және 160 қонақты қабылдай алады. Терминалда телескопиялық өтпе жол, эскалаторлар мен лифттер, жүктерді тапсыру мен өңдеудің автоматтандырылған жүйесі, транзиттік жолаушыларға арналған зал, CIP залы қарастырылған. Жаңа ғимаратта өзін-өзі тіркеу пункттері, намазханалар, Duty Free аймағы, сондай-ақ шекара және кеден қызметтері, фитосанитарлық және ветеринария, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері мен желілік полиция бөлімшелері үшін мамандандырылған орындар ашылады.

Жаңартылған жолаушылар әуежайының жобасы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) өзекті стандарттарына сәйкес келеді. Оның авторы – Нидерланд, Ресей, Түркия және Парсы шығанағы елдеріндегі әуежайларды жобалауда 20 жылдық тәжірибесі бар "GMW Mimarlic" түрік жобалық компаниясы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу