Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің алғашқы өңіраралық кеңсесі Шымкент қаласында жұмысын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңа кеңсе Шымкент, Түркістан облысы және шекаралас өңірлердегі білім беру ұйымдарымен байланысты нығайтуға, талапкерлерге кәсіби бағдар беруге, бизнес қауымдастықпен әріптестікті дамытуға және университеттің білім беру мүмкіндіктерін таныстыруға бағытталған.
Университет өкілі Жандос Оразмахановтың айтуынша, кеңсе жұмысы үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, талапкерлерге оқу бағдарламалары мен қабылдау шарттары бойынша кеңес беру, кәсіпкерлер мен мамандарға арналған біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру және бизнес қауымдастықпен ынтымақтастықты күшейту көзделген.
Кеңсенің қызметі аясында университет өкілдері өңірдегі әріптестерімен "Талапкер-2026: мүмкіндіктер мен қауіптер" тақырыбында кәсіби нетворкинг кездесуін өткізді.
Маусым–шілде айларында негізгі назар талапкерлерді оқуға тарту, кәсіби бағдар беру және қабылдау науқанына қолдау көрсету жұмыстарына аударылады. Сондай-ақ университеттің SeoulTech университетімен бірлесіп құрған Жасанды интеллект институтына талапкерлер тарту және IT мен жасанды интеллект саласындағы білім беру мүмкіндіктерін насихаттау жоспарланып отыр.
Университеттің өңіраралық кеңсесінің ресми ашылуы алдағы айға белгіленген.