Коронавирус: Кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіліп жатыр?

966

Шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсету үшін 24 шара әзірленген. 

Коронавирус: Кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіліп жатыр?

"Атамекен" ҰКП жауапты хатшысы Асқар Қысықов СОVID-19 пандемиясы кезінде отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы жылдың қаңтар-ақпанында шағын және орта бизнесті қолдау шараларының жаңа пакетін әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргіздік. 

"50 мың кәсіпкер арасында сауалнама жүргізіп, реестр құрдық. 
Нәтижесінде ақпан-наурызда Үкіметпен бірге бизнесті қолдау шараларының жаңа пакетін әзірледік. 4 наурызда оларды қабылдадық. Оның ішінде 24 қолдау шарасы бар. Кейбір қалаларда карантин талабы қайта күшейді. Кейін Мемлекет басшысының бастамасы бойынша бизнеске қолдау көрсетудің екінші пакеті әзірленді", - деді Асқар Қысықов.

Ол коронавирустан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдері үшін кредитті төлеу мерзімін шегеру мүмкіндігі берілгенін атап өтті.
Бұл – негізгі қолдау шарасы. Оған 346 сала енген.

"Кәсіпкерлер кредит төлеуді 3 айға дейін шегере алады. Олар төлейтін төлемдер график бойынша белгіленеді немесе кредитті төлеу мерзімі ұзартылуы мүмкін. Бұл қолдау шарасы күшіне енді. 9 сәуірде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысы шықты", - деді жауапты хатшы.

Сонымен қатар салықтық жеңілдік те жасалған.

"Шағын орта бизнес үшін еңбекақы қорынан барлық салық пен төлемді шегеру туралы шешім қабылданды. Бұл 118 салаға қатысты. Оған қазір карантин шектеуінде жұмыс істеп жатқан салалар енді. 
Олар осы мүмкіндікті пайдалана отырып, 3 ай бойы еңбекақы қорынан қызметкерге төлемдерді төлей алады. Кейін кәсіпкерлер төленбеген соманы қайтарады", - деді Асқар Қысықов.

Жауапты хатшы 2021 жылдың соңына дейін кәсіпкерлер мүлік салығынан босатылатынын жеткізді.

Сондай-ақ қарызды мәжбүрлеп өндіріп алуға, шоттарды бұғаттауға жол берілмейді. 

"Біз Үкіметке арнайы ұсыныс жібердік. Енді қарыздың шегі 6 АЕК (17 502 теңге, 1 АЕК – 2917 теңге) болуы тиіс. Қарыздың мөлшері осыдан төмен болса, (кәсіпкердің – автор) шоты бұғатталмайды. Бұл түзетулер алдағы уақытта ҚР Салық кодексіне енгізіледі. Оның кері күші болады. Сондықтан кәсіпкерлер бұл мүмкіндікті 1 сәуірден пайдалана алады", - деді "Атамекен" ҰКП өкілі.

Оның айтуынша, үйдің жанындағы дүкендер, микробизнес өкілдерінен тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды (ТІЖ) енгізуге қатысты көптеген шағым түскен.

"Бүгін оған қатысты пилот жобасы жүргізіліп жатыр. Мұнда техникалық проблемалар бар. Президент бастамасы негізінде жоба 1 қазанға дейін ұзартылды. Оның аясында кәсіпкерлер жауапқа тартылмайды, айыппұл төлемейді. Бөлшек сауда дүкендері үшін талапты айтарлықтай жеңілдеттік. Олар әрбір адамға тауарларға ілеспе жүкқұжаттарын толтырмайды. Тек акцизделетін тауарлар тізімін (алкоголь мен темекі – автор) растайды", - деді жауапты хатшы.

Асқар Қысықов өткен жылы 15 наурызға дейін коронавирустан зардап шеккен салалар үшін кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау енгізілгенін еске салды.

"Бұл қолдау шарасы 1 шілдеге дейін ұзартылды. 6 мыңнан аса шағын және орта бизнес өкілдері мұны пайдалана алады", - деді "Атамекен" ҰКП өкілі.

Сөз соңында жауапты хатшы банкроттыққа мораторий 1 шілде дейін ұзартылғанын атап өтті.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу