Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Лязат Ақтаева Орталық коммуникация қызметі алаңында өткен онлайн брифингте мәлім етті.
"Эпидемиялық ахуалға келер болсақ, індеттің таралуының шарықтау шегіне өтіп жатырмыз. Ауруға шалдығу көрсеткіші: 100 мың адамның 7-еуі вирусты жұқтыруда. Осы орайда карантиннен бөлек індетпен күресіп жатқандарды скринингтен өткізу басталды. Вирусты анықтайтын тест сәуірдің 10-ынан 20-ына дейін жалғасады", – деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, 13 наурыздан бері 1290 науқас тіркелген. Оның 67 пайызы вирусты науқастардан жұқтырған. Соңғы тәулікте вирусты жұқтырудың 141 фактісі тіркелді. Бүгінгі таңда аурудан 240 адам жазылған. Олардың барлығы да үй карантиніне жатқызылды. Қайтыс болған 16 кісінің 13-і ер адамдар. Олардың созылмалы аурулары болды. Инфекциялық стационарда қазір 1304 адам ем қабылдап жатыр. 21-і ауыр халде. 169-ының жағдай орташа ауыр. 1 науқас оттегімен қамтамасыз ететін аппаратқа қосылған. 9 науқас жасанды желдету аппаратына қосылған. Емдеу шараларының арқасында 5 науқас жасанды желдету аппаратынан ажыратылды. 18 адам реанимациядан профильді бөлімге ауысты.
Табиғат Нұрболат