Бір тәулік ішінде індет ошағы болған Хубей провинциясынан тағы 1807 адам анықталып, оның 93-і қайтыс болды, деп хабарлайды Atameken Business.
Уханьдағы аурухананың бас дәрігері эпидемия саябырсып келеді десе, АҚШ-тағы жұқпалы аурулар институтының жетекшісі коронавирус жаһандық сипатқа ие болуы мүмкін деп дабыл қағып жатыр. Дегенмен, қазір Қытайдан басқа мемлекеттерде індет салдарынан қайтыс болғандар саны – бесеу. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан басқа елдерде оның таралу қаупі төмен екенін айтады.
"Бүгін Қытайдан алынған мәлімет бойынша, вирус жұқтырғандар саны – 44 мың. Осы мәліметтер негізінде індетке шалдыққандардың жасы, аурудың қаншалықты дендеп кеткенін және өлім деңгейі сияқты ақпарат алып отырмыз. Барлық елдерден де осындай мәлімет беруді талап етеміз. Қазір байқап отырғанымыз, вирус жұқтырғандар саны азайып келеді. Бірақ бұл үрдіс өзгеруі де мүмкін, Өйткені аурудың басқа да ошақтары пайда болуы ықтимал. Дәл қазір осылай көрсеткіштер тұрақты түрде төмендейді деп айту ерте",– дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом.