Коронавирус құрбандарының саны 1016-ға жетті. Әлем бойынша 42 мың 618 адам вирус жұқтырған. Бір тәулік ішінде індет ошағы болған Хубей провинциясында 103 тұрғын жан тапсырды, деп хабарлайды Atameken Business.
Қазір мұнда емделіп жатқандар саны 31 мыңнан асады.
Бүгінде көрші елде онлайн сауда қызып тұр. Ешкім сыртқа шығып, керек-жарағын сатып ала алмайды. Індеттің өршіп жатқанына қарамастан, бастапқыда зауыттарын жауып тастаған америкалықтар жұмысқа шықты. Tesla мен Ford та Қытайдағы өндіріс орындарын іске қосты, деп хабарлайды Блумберг агенттігі.
"Ауыр халде жатқандар саны – 6484. Емделіп, құлан-таза айығып шыққандар – 3281. Дәл қазір ауру жұқтырды деген күдікпен 23 мыңнан аса адам оқшауланды",– дейді Қытайдың денсаулық комиссиясының ресми өкілі Ми Фенг.
Вирустың кесірінен Англияның Саутгемптон қаласындағы мектептердің бірі жабылды. Бұл жерге жақында Қытай делегациясы іссапармен келген болатын. Сонымен қатар, Брайтондағы медициналық орталықтардың бірі жұмысын тоқтатты. Себебі, сол жерде жұмыс істейтін бір қызметкерден вирус анықталған. Бүгінде бұл індет әлемнің 27 мемлекетіне таралып үлгерді. Қытайдағы халықты есепке алмағанда жердің түкпір-түкіпірінде 330 адам жан тапсырған.