Қазір әлем індеттің бірінші толқынының ортаңғы кезеңін бастан кешіп отыр. Екінші толқынының басталуы әбден мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Майк Райан осылай деді.
Оның сөзінше, егер Еуропа мен Солтүстік Америка елдері шектеу шараларын тым ерте қысқартса, инфекцияның қайтадан жаңа қарқынмен таралуы ықтимал. Бүгінгі таңда Орталық және Оңтүстік Америка, Оңтүстік Азия және Африка елдеріне ауру белең алып, вирус жұқтырғандардың саны көбейіп жатыр.
Осы орайда ұйым қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы шараларды жалғастыруға, коронавирусты анықтайтын тестті жүргізе беруге, вирустың таралу жолын тексеруге кеңес берді. Джонс Хопкинс Университетінің соңғы мәліметіне сүйенсек, әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 5,4 миллионнан асқан. Дерттен 345 мың кісі қайтыс болды. 2,1 миллион адам аурудан айыққан. Вирус жұқтыру көрсеткіші бойынша АҚШ, Бразилия және Ресей елдері көш бастап тұр.
Табиғат Нұрболат
Фото: bangkokpost.com