COVID-19 деп аталатын жаңа коронавирус салдарынан әуе тасымалына деген сұраныс 2009 жылдан бері алғаш рет төмендеді. Бұл туралы Халықаралық әуе көлігі ассоциясы (IATA) хабарлады.
Ұшуға салынған шектеулер мен эпидемиядан зәре-құты қашқан халықтың саяхаттауға деген сұранысы төмендеуі Қытайдағы рейстердің күрт азаюына әкеліп соқты. Ал кейбір компаниялар тіпті қызметін тоқтатып тастады.
IATA дерегіне сүйенсек, әлемдік әуе компанияларына 29 млрд доллардай шығын келмек. Басым бөлігі әсіресе Азия-Тынық мұхиты аймағындағы корпорацияларға тиесілі. Қытайдың әуе тасымалдаушылары шамамен 12,8 млрд доллардай қаражатын жоғалтпақ.
Ескере кететін жайт, бұрын сарапшылар 2020 жылы әуе тасымалына деген сұраныс 4,1%-ға артады деп болжаған еді. Енді бұл көрсеткіш 0,6%-ға қысқармақ. Ассоциация өкілдерінің айтуынша, егер де вирус Қытайдан өзге аймақтарда кең етек жайса, шығын көлемі бұдан да көп болуы әбден мүмкін.
Табиғат Нұрболат