Үндістанның денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елдің оңтүстігіндегі Керала штатында бір адам коронавирусты жұқтырған. Қазір ол ауруханада оқшауланған бөлмеде ем қабылдап жатыр. CGTN басылымының дерегіне сүйенсек, науқас – Ухань университетінің студенті.
Бүгінге дейін осы штатта 806 адам тексеріліп, оның 10-ы госпитальде карантинге, қалғаны үй жағдайындағы карантинге жабылды. Махараштра штатында 27 тұрғын медициналық тексерістен өтіп, әзірге 10-ы мамандардың бақылауында қалды.
Коронавирус салдарынан азиялық және еуропалық акциялар төмендеп жатыр. Мұнай нарығы да зардап шегуде. Сарапшылардың айтуынша, ел экономикасы қазір эпидемиядан қатты зардап шегуде. Жергілікті билік қалаларды жауып, ірі компаниялар Қытайдағы жұмыстарын уақытша тоқтатып жатыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ухань эпидемиясын халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялау керек. Қоғамдық денсаулық сақтау өкілдері осылай деп дабыл қағуда. Бұған дейін ДДҰ екі мәрте мұндай мәлімдеме жасау ерте екенін алға тартып, жаңа коронавирус тек Қытай еліндегі төтенше жағдай деп айтып келеді. Тіпті ұйым басшысы Тедрос Аданом Гебреисус осы аптаның басында Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесіп, осы мәселені талқылаған болатын.
30 қаңтарда ДДҰ Хубей провинциясындағы коронавирус бойынша шұғыл отырыс өткізіп, халықаралық эпидемия жариялау не жарияламау туралы нақты мәлімдеме жасайды.