Коронавирус вакцинасын таңдау сатысында тұрмыз – ДСМ өкілі

1010

Қазақстандық вакцина мен ресейлік екпеге "оксфордтық" препарат қосылды.

Коронавирус вакцинасын таңдау сатысында тұрмыз – ДСМ өкілі

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен  қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков COVID-19 қарсы әзірленіп жатқан екпелер туралы мәлімет берді. 

"Ресейлік вакцина туралы айтсақ, біздің тарапымыздан келіссөздер жүріп, сатып алу мүмкіндігі туралы келісімдерге қол қойылды. Бірақ бұл келісім ғана. Қазір біз клиникалық сынақтардың үшінші фазасын тосып отырмыз. Жуықта ғана Ресей Федерециясының денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы мәлімдеме жасады. Қаңтар айына дейін сынақтың үшінші фазасын өткізбекші. Бұл жолы сынақ мың адамға жасалмақшы. Осы сынақ екпенің қандай әсері болатынын көрсетеді. Осыған дейінгі бірінші, екінші сынақтар, Ресей Федерациясының деректері бойынша, азғантай адамға ғана кері әсері болатынын көрсеткен. Әрине, біз үшінші фазаның нұсқаулықтарын ескеріп, шешім қабылдаймыз", – деген комитет өкілі ресейліктердің тағы бір екпенің түрін ұсынағанын айтып қалды.  

"Ресей Федерациясы бұдан бөлек "Оксфорд" вакцинасын да алға тартып отыр.  Біз қазір таңдау сатысында тұрмыз. Осы сынақтардың қорытындысын, нұсқаулықта көрсетілген ықтимал кері әсері мен жасқа байланысты пайдалану ерекшеліктерін ескере отырып шешім қабылдайтын боламыз", – дейді ол.

Ресейлік екпе сияқты, қазақстандық мамандар әзірлеген вакцина да қазір сынақтың үшінші фазасын күтіп тұр.

"Қазақстандық вакцина бойынша екі ғылыми институт шұғылданып жатыр. Қазір бірінші, екінші сынақтары өтіп жатыр. Үшінші фазасы өткеннен кейін барып шешім қабылдаймыз деп ойлаймыз. Бұл өзі әсері азайтылған вакцина. ДДСҰ-ның берген бағасы бойынша біздің вакцина тиімділігін көрсетуі мүмкін. Толық клиникалық тексеруден өткеннен кейін ғана қолдану мүмкіндігін айта аламыз", – деді Нұрлыбек Асылбеков.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу