Ағзаларынан коронавирус инфекциясы анықталған соңғы 20 адамның төртеуі тұрақты ауыр жағдайды бастан кешіріп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты.
"20 адамның 14-і стационарлық емдеуде жатқан науқастар. Олардың бір бөлігі өкпе қабынуы күдігімен, ЖРВИ белгілерімен және дене қызуымен ауруханаға түскен. Қалғандары 24-25 наурыз аралығында коронавирус инфекциясы анықталған жандармен жақын байланыста болғаны үшін тексеруге алынған адамдар. Науқастардың арасында өзге елдерден ұшып келіп, оқшауланғандар да бар", – деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары арасында жүргізілген мониторинг барысында адамнан коронавирус инфекциясы табылған.
"Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда 61 адамнан коронавирус инфекциясы анықталып, науқастар стационарда жатыр. Төрт науқастың жағдайы – тұрақты ауыр. Олардың өкпе қабынуы расталды. Науқастарды дем жетіспеушілігі мазалап жатыр. Басқа науқастардың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Олардың тарапынан ешқандай шағым жоқ", – деді Сәуле Қисықова.
Соңғы дерек бойынша ел аумағында 109 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Нұр-Сұлтан қаласында – 61, Алматы қаласында – 40, Шымкент қаласында – 2, Қарағанды қаласында – 2, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында – 1 адам.
Қанат Махамбет