Өткен тәулікте 2656 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталды, деп хабарлайды inbusiness.kz шұғыл штабқа сілтеме жасап.
Үш мегаполис арасында ең көп жағдай Алматы қаласында тіркелді, шаһарда бір тәулікте 673 адамнан індет анықталды. Одан кейінгі орында Нұр-Сұлтан, 601 адамнан COVID-19 анықталған. Шымкент қаласында – 119.
Өзге өңірлер ішінде Алматы облысында көрсеткіш қуантарлықтай емес, облыста бір күнде аурудың 232 жаңа жағдайы тіркеліп отыр. Сондай-ақ Қарағанды облысында – 201, Ақтөбе облысында – 120, Атырау облысында – 117, Батыс Қазақстан облысында – 112, Шығыс Қазақстан облысында – 106, Ақмола облысында – 90, Қызылорда облысында 75 адамнан ковид анықталған.
Жұқтыру көрсеткіші салыстырмалы түрде төмен облыстар: Жамбыл облысында – 40, Қостанай облысында – 28, Маңғыстау облысында – 35, Павлодар облысында – 43, Солтүстік Қазақстан облысында – 42, Түркістан облысында 22 жаңа жағдай тіркелді.
Осылайша, елге індет кіргелі ел бойынша 281351 адам коронавирус жұқтырған. Олардың 241625-і жазылып шығыпты.