Коронавирустық инфекция жұқтырғандардың бірі 12 наурызда Берлин – Алматы бағыты бойынша ұшып келген чартерлік рейс бортсерігі. Бұл туралы Алматыда өткен онлайн брифингте Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев хабарлады.
"Коронавирус расталғандардың бірі Берлин - Алматы чартерлік рейсімен ұшып келген бортсерік. Ол 12 наурызда ұшып келген күннен бері жұқпалы аурулар ауруханасында карантинге жатқызылған болатын", – деді басқарма басшысы.
Қазіргі кезде Алматы емханаларында Covid-19 диагнозы расталған 22 адам ем қабылдауда. Басқарма басшысы олардың жағдайлары орташа екенін айтты.
Жалпы елімізде коронавирустық инфекция жұқтырған 49 адам тіркелді. Оның 25-і – елордада, 22-сі – Алматыда және 2-уі – Қарағандыда.