Коронавируспен күреске қажет заттарды бажсыз кіргізу мерзімі ұзартылды

918

Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі Қазақстанның бастамасын құптады. 

Коронавируспен күреске қажет заттарды бажсыз кіргізу мерзімі ұзартылды

Коронавирус өршіп, көрші елдердің бәрінде қатаң карантин жарияланған кезде Еуразиялық экономикалық кеңес індетпен күресуге қажетті вакцина, дәрі-дәрмек, масқа мен дезинфекция құралдарын, коронавирустен емдеуге қажет аппараттарды кедендік бажсыз өткізу туралы шешім шығарған болатын. Мұндай жеңілдік осы жылдың қазанына дейін күшінде болып келді. Қазақстан тарабы осы келісімнің күшін 2021 жылдың наурызына дейін ұзартуды ұсынған болатын. Кеңес мүшелері ол ұсынысты қолдап дауыс берсе керек.

"2 қазанда Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және болдырмау үшін пайдаланылатын кейбір тауарларды бажсыз әкелу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады. Тарифтік жеңілдік 1 қазаннан 2021 жылғы 31 наурызға дейін ұзартылады. Атап айтқанда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің уәкілетті органы әкелінетін тауарлардың нысаналы мақсатын растаса,  вакциналарды, дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдарын өндіруге арналған шикізатты, сондай-ақ коронавирустық инфекцияны емдеуге және алдын алуға арналған әртүрлі аппаратураларды бажсыз импорттауға жол беріледі. Кеңестің шешімі ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді және 1 қазаннан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады", - деп жазады Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу