Коронавирус эпидемиясының ел экономикасына әсері ұзаққа созылмайды. Жалпы экономикалық ахуалға айтарлықтай кесірін тигізбейді. ҚХР-дың реформа және даму жөніндегі мемлекеттік комитетінің партиялық хатшысы Цун Лян осылай деді.
"Эпидемияның әлеуметтік-экономикалық әсері аз уақытқа созылатынын айта кету керек. Оны тез арада ретке келтіруге болады. Ұлттық экономиканың даму векторын өзгере қоймайды", – деді ол.
Айтуынша, үкімет індеттің салдарын барынша ауыздықтап, экономиканың іркілуіне жол бермеуге қауқары жетеді екен. Дегенмен ол эпидемияның жаңа жылдық демалыстарда тұтынушы нарығы мен қызмет көрсету саласына шығын келтіргенін сөз етті.
Ескере кететін жайт, бұған дейін Халықаралық валюта қорының басшысы Кристалина Георгиева Қытайдың ЖІӨ 2020 жылда коронавирус салдарынан қатты төмендемейтінін және кесел басылса, шығын көлемінің көп болмайтынын мәлімдеген болатын.
Қытайдың CGTN басылымының соңғы мәліметіне сүйенсек, вирустан қаза болғандардың саны Қытайда 2595-ке, ал басқа елдерде 24-ке жеткен. Ал жұқтырған 79363 адам ем қабылдап жатыр.
Қытайда 24757 адам дертінен айыққан.
Табиғат Нұрболат