Коронавирусты Қытайға америкалық әскерилер әкелген болуы мүмкін – Қытай СІМ өкілі

1080

Вашингтон мен Бейжің бір-бірін айыптауда.

Коронавирусты Қытайға америкалық әскерилер әкелген болуы мүмкін – Қытай СІМ өкілі

АҚШ тарапы бұл ақпараттың жалған екенін айтып, оған қарсы үндеуін жариялаған болатын. Ал енді Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі болса, Вашингтонның қарсылық танытуын негізсіз деп санап отыр. 

Өткен аптада Құрама Штаттардың Мемлекеттік департаменті ресми өкілдің "жалған мәлімдемесіне" байланысты Қытай елшісі Цуй Тянькайды шақырып, түсініктеме беруін талап еткен болатын. 

Бұған дейін Бейжіңнің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзянь Ухань қаласына Covid-19 деп аталатын жаңа коронавирусты америкалық сарбаздар әкелуі мүмкін деп  болжаған еді. Саясаткер бұл ойымен өзінің Twitter-дегі парақшасында бөлісті. Бірақ америкалықтардың вирусты қандай жолмен әкелгенін ашып айтпады. Дипломаттың мұндай қадамға баруына америкалық шенеуніктің мәлімдемесі түрткі болды.

Трамптың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Роберт О’Брайен: "Коронавирус етек жая бастағанда, Қытай билігі аурудың алдын алудың орнына індетті жасыруға тырысты. Оның кесірінен әлем екі айдай уақытын жоғалтып алды. Осы уақыт аралығында көптеген елдер эпидемияға қарсы шаралар қабылдайтын еді", – деп айтқан болатын.

Ал Қытайдың СІМ-нің басқа өкілі Гэн Шуан коронавирустың қайдан пайда болғанына қатысты қорытынды жасау әзірге ерте екенін айтып, бұл мәселе кәсіби түрде зерттелу керектігін жеткізді. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу