Коронавирустың екінші толқынында 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін

1024

2,2 млн адамда мемлекеттік қолдауға мұқтаждық тууы ықтимал.   

Коронавирустың екінші толқынында 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін

Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осындай жағымсыз болжамдармен бөлісті. Оның сөзінше, коронавирус пандемиясының екінші толқыны халықтың біраз бөлігін сансыратуы мүмкін.  

"Коронавирус індетінің еңбек нарығы үшін қатері әлі де жоғары. Егер коронавирустың екінші толқыны болатын болса және көктемдегідей қатаң шектеу шаралары қабылданса, онда біздің бағалауымызша 2,2 млн-нан астам адам мемлекеттік қолдауға мұқтаж болуы мүмкін. Осы жағдайда болжам бойынша жұмыспен қамтылған халықтың жартысына жуығы немесе 4 млн адам жұмысын сақтап қалады",  деді министр. 

Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, негізінен ауыл шаруашылығы, құрылыс, өндіріс және денсаулық сақтау салаларында еңбек ететін мамандар жұмысын сақтап қалады. Ал  2,5 млн адам қашықтан жұмыс режиміне ауысуы мүмкін.

"2 млн адамның жұмыс уақыты қысқарып, олар ақылы немесе басым бөлігі ақысыз демалысқа шығарылуы ықтимал. Бұл  бірінші кезекте сауда, көлік, тұтыну және тамақтану қызметтері саласындағы мамандар. Алдын ала бағалау бойынша 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін",  деді министр.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу