Коронавирустың таралуы А.Цой айтқан пессимистік болжамынан асып түсті

1168

Елімізде коронавирустың таралуы министр Цойдың өзі айтқан пессимистік болжамынан да асып түсті, деп хабарлайды Atameken Business.  

Коронавирустың таралуы А.Цой айтқан пессимистік болжамынан асып түсті

Бүгін дерт 7,5 мыңға жуық адамнан анықталып, антирекорд жаңарды. Бір күнде осынша көп науқас былтырдан бері тіркелмеген. Қайтыс болғандар саны да артуда. Ал Алматыда кеселдің құрығына 230-дан астам бала түскен. Сондықтан қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин шектеу шараларын одан әрі күшейтпек. Ал еліміздің бас санитар дәрігері жаңа қаулыға қол қойды. Енді қауіптілігі жоғары аймақтар қою қызылмен белгіленеді.  

Ал Қырғызстанға гуманитарлық көмек ретінде QazVac екпесінің 25 мың дозасы жеткізілді. Бұл екі ел президенттері жүргізген келіссөздердің нәтижесінде іске асты. Осылайша, біздің вакцина алғаш рет шекара асырылды. Сонымен қатар, Бішкекке қазақстандық биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бір топ қызметкері барды. Олар бірнеше күн бойы дәрігерлермен бірге вакцинация пункттерінде бірлескен зерттеулер жүргізеді. Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, "QazVaс" елдің барлық өңірлеріне таратылады. Қазақстандық вакцина ресейлік "спутник V", қытайлық "Синофарм" және еуропалық "AstraZeneca"-мен бірге қолданылмақ. Аталған екпенің  226 мың дозасы бүгін жеткізілуі тиіс-тін. Бірақ оны тасымалдайтын ұшақтың сынып қалуына байланысты, жеткізілу мерзімі тағы кейінге шегірілді. Бұған дейін "AstraZeneca"-ның 40 мың дозасын айыр қалпақты ағайынға көмек ретінде Әзербайжан билігі жөнелткен еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу