Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспар толық орындалмады

Республикалық бюджетке 6,8 трлн теңге түсті.  

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспар толық орындалмады Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп жазады inbusiness.kz. 

"Республикалық бюджетке 6,8 трлн теңге түсті. Жоспар 90,3%-ға орындалды. Атқарылмаған бөлігі 732 млрд теңгені құрады.
Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы, қосылған құн салығы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты", – деді министр. 

 
Айтуынша, корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 285 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 24%-ға немесе 135 млрд теңгеге азаюымен байланысты.

"Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 13%-ға төмендеуімен байланысты болды", – деді Ерұлан Жамаубаев. 

Қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептері:

  • тау-кен өндіру өнеркәсібінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдардың 15%-ға немесе 2,5 трлн теңге төмендеуі;
  • Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 4,2%-ға азаюы болып табылады.

Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 15%-ға төмендеуі әсер етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу