Коррупцияға қарсы қызмет бизнес иелерін қорғайды

677

Мемлекеттік органдар тарапынан негізсіз әкімшілік кедергілер болмауы қадағаланады.

Коррупцияға қарсы қызмет бизнес иелерін қорғайды

Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі инвесторлар мен кәсіпкерлер құқығын қорғамақ ниетте. Осы мақсатта  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен "Protecting Business and Investments" жобасы аясында бизнесті сыбайлас жемқорлықтан қорғау бойынша жұмыстар жүргізіп отыр. Жоба аясында инвесторлар сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісіне жол бермеу, қандай да бір "бармақ басты, көз қысты" әрекет пайда болған жағдайда агенттікке және оның аумақтық департаменттеріне баяндау туралы келісімге қол қояды.

Қазіргі күні мұнайлы өңірде екі кәсіпкер аталған департаментпен келісімге келді. Бұл екі инвестициялық жобаның жалпы құны 4 млрд теңгеден астам қаражатты құрайды және Атырау қаласы әкімі жанындағы инвестициялық және инновациялар жобасы комиссиясында қаралып, мақұлданған. 

Мұның біріншісі – "Юн Е.Ф." жеке кәсіпкерлігінің Атырау қаласында көкөніс өнімдерін қайта өңдеу кешенін салу жөніндегі жобасы. Болжам бойынша, ол бастапқы кезеңде жылына 3 мың тонна пияз, 1 мың тонна сәбіз өнімдерін ұнтақ түрінде дайындамақ. Кешен іске қосылған жағдайда елу адамға дейін жұмыспен қамти алады екен. 

Екінші жоба "Оразбаева" жеке кәсіпкерлігіне тиесілі. Оның иесі Атырау өңірінде осыған дейін болып көрмеген кір жуу құралдарын, оның ішінде, бүгінгі күнде өте қажет антисептикалық құралдар шығару өндірісін іске қосуды көздеп отыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда антисептикалық құралдан басқа жылына 142 тонна кір жуу ұнтағы, 88 тонна сусабын және 313 тонна дозатронь автокөлік жуатын сусабын өндірісін жолға қоюға болады.

Өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментпен аталған бизнес өкілдерінің кәсіпкерлік қызметіне қатысты мемлекеттік органдар тарапынан негізсіз әкімшілік кедергілер болмауын қадағаламақ.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу