Көрші елдерден келетін арзан өнімдерге шектеу қойылса – дихандар

526

Жылыжай иелерінің талабы.

Көрші елдерден келетін арзан өнімдерге шектеу қойылса – дихандар Фото: pexels.com

Түркістан облысындағы дихандар "субсидия төленсе, көрші елдерден келетін арзан өнімдерге шектеу қойылса" деп отыр. Себебі арзан көкөніс жергілікті диқандар өндірген өнімнің өзіндік құнын түсіріп жібереді. Әсіресе, қияр мен қызанақ өсірушілердің өкпесі қара қазандай, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Жылыжай ісімен айналысатын Фахридин Райымжанов қазір жабық алаңға көшетті үмітпен емес күдікпен отырғызады. Себебі, біздегі нарыққа сенбейді. Сенім болмағасын ісі де өнбейді.

"Қазір кішкентай қияр бар. Оның қысқа шығыны көп. Мен ең соңғы рет қиярды 700 теңгеден өткіздім. Одан кейін сатқаным жоқ. Қазір мыңға барған шығар. Қызанақ қазір жоқ. Жақында 500 теңгеден саттық екі апта болды. Оны суыққа ұстап тұрудың шығыны көп", - дейді дихан Фахриддин Райымжанов.

Шаруалар шығынына да шыдар еді. Егер үкімет сақтаған өнімін мына уақытта мына бағамен саудалай аласың деп сендірсе. Бірақ, бізде ондай жоқ. Еліміздің нарығы, суы мол "шешінгеннің бәрі бір шомылып алатын" арық сияқты. Шеттен арзан өнім көп келеді. Сондықтан баға мың құбылады. Егер бізде өнім көп болса төмендеп, жоқ болса шарықтап кетеді. 

"Қазір базарда Ираннан кіріп жатыр. Қытайдан келіп жатыр. Ирандікі 850 теңге деп жатыр. Иран мен қытайға қарағанда біздікінің сапасы жақсы. Мемлекетке субсидияға құжат өткізіп қойдық. Әлі шыққан жоқ", - дейді дихан Құсмаддин Ырысметов.

Егер осылай жалғаса берсе еліміздегі жылыжай шаруашылығы құрдымға кетеді. "Армандама ақ тоқты, қыстың күні ас көкті" дегеннің көкесі сол кезде болады. Осыны айтып шаруалар бұған дейін талай рет дабыл қақты. Көп мәселеге көңіл бөле бермейтін үкімет жақында үн қатты.

"Қазіргі таңда Түркіменстаннан келетін өнімдерге шектеу қойылуда. Өзбекстандағы баға да бізбен бірдей болып тұр. Ол жақта адам күшінің, күннің жылуының әсерінен өнімнің өзіндік құны арзан ғой, сол себепті бізде өзіндік құнын төмендету мақсатында субсидиялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", - дейді облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Ақтөре Түймебек.

Бұдан бөлек мамандар биыл Үкіметтің қолдауымен жылыжай шаруашылықтарын субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілгенін жеткізді. Енді өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайлардың жылуға кеткен шығынының 20%-ын мемлекет өтеп бермек. Ал, фермерлік жылыжайлардың әр гектарына - 4,8 млн теңге,  өнеркәсіптік жылыжайларға 8,1 млн теңге субсидия төленеді деп жоспарланған. Бұл қолдаулардың  жылыжай ісін қаншалықты жандандыра алары әзірге белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу