Көрші елдің тауында жоғалған альпинистердің денесі табылды

Неше күннен бері Қырғызстан тауларында Беларусь пен Литва азаматтары іздестірілген еді.    

Көрші елдің тауында жоғалған альпинистердің денесі табылды Фото: Jekaterina Rubcova / Facebook

Бүгін болжалды мәлімет бойынша, олардың денесі табылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24.kg-ге сілтеме жасап.

Басылым Беларусь азаматтары Максим Полянский мен Николай Свиридов және Литвадан келген Сергей Рубцовтың 2 тамызда Курумды шыңына көтерілгенін жазады. Альпинистер тобы 4 тамызда базалық лагерьге түсуі керек болатын. Десе де, олар белгіленген уақытта байланысқа шықпай қалған.

Осыдан соң Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі мен еріктілер іздеу операциясын бастауға мәжбүр болды.

Іздеу жұмыстарына қолайсыз күн райы, қалың қар мен көріну мүмкіндігінің төмендігі кедергі келтірген. Іздеу операциясының жетекшісі Александр Смирнов таңертең дрон түсірген кадрларға сүйеніп, қар мен тас көшкіні болған аумақта олардың денелері жатуы мүмкін екенін жасырмады. Бұған дейін сол жерден топ мүшелерінің жеке заттары табылған.

– Біз сөзімізге жауапты болуымыз керек. Сондықтан қолымызда не бар екенін ашық айтамыз. Түсірілімнен адамдар анық көрінбейді: бәрін қар мен тас көлбегейлеп тұр. Біз тек ілгегі бар бәтеңкелерді, жабдықтар мен киім бөлшектерін және денеге ұқсас нобайларды көріп тұрмыз. Мұны тек төмен түскеннен кейін ғана нақты айтуға болады, сол кезде оларды анықтау мүмкіндігі бар. Оған дейін біз ешқандай есімдер мен мәліметтерді егжей-тегжей айта алмаймыз. Жақындары бәрінен хабардар. Бір нәрсені сеніммен айта аламыз. Беткейде табылған заттарды арқан жалғап тұр, жігіттер бір байламмен жүріп отырған. Осы күндері біз беткейдің төменгі жағынан үшеуінің де заттарын таптық. Топ бөлінбеген, олар бірге болған және бірге қалып отыр. Ешкім беткейде жалғыз қалған жоқ, – деді А.Смирнов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу