Қырғызстанда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің 9-шы қызметінің негізінде Президент жанындағы Мемлекеттік күзет қызметі құрылды, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Президент қол қойған жарлыққа сәйкес арнайы мемлекеттік орган президентке тікелей бағынады және оған есеп береді.
Мемлекеттік күзет басшысын және оның орынбасарларын мемлекет басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережені, оның штат саны мен құрылымын Президент бекітеді.
Шекара қызметі Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінен бөлініп, Қырғыз Республикасының тәуелсіз Мемлекеттік шекара қызметіне айналдырғаны да айтылды.
Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінде келесі кадрлық тағайындаулар болды:
- Рустам Мамасадықов Қырғыз Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметінен босатылып, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды;
- Ұранбек Шадыбеков Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Киберқауіпсіздік жөніндегі үйлестіру орталығының директоры болып тағайындалды;
- Әлішер Ербаев Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Терроризмге қарсы орталығының директоры болып тағайындалды.
Айта кетейік, кеше Президент жарлығымен 5 жылдан аса Қырғызстанның "екінші адамы" болған Қамшыбек Тәшиев қызметінен босатылды.